Астанада NBME және NCSBN халықаралық серіктестер мен Орталық Азия елдерінің өкілдері қатысқан ҰТЕО Жоғары алқалы кеңесінің отырысы өтті.

Кеңестің негізгі миссиясы — медицина қауымдастығының күш-жігерін үйлестіру арқылы кәсіби сенімді нығайту, кадрлық саясатты құзыреттілікке бағыттап дамыту және мамандардың біліктілігін объективті растау.

Іс-шараға отандық жетекші сарапшылар, құзыреттілікті бағалау жөніндегі шетелдік ұйымдардың өкілдері (Өзбекстан, Қырғызстан), NBME және NCSBN халықаралық серіктестері, медицина білім беру және ғылым ұйымдарының басшылары, сондай-ақ кәсіби медициналық қауымдастықтардың өкілдері қатысты.

ҰТЕО төрайымы Орталықтың медициналық кадрларды даярлау сапасын қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті: нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге қатысу, бағалау әдістемелерін әзірлеу, мемлекеттік және білім беру ұйымдарына консультациялық қолдау көрсету. 2024–2025 жылдары ҰТЕО 40 мыңнан астам тәуелсіз бағалау рәсімдерін өткізіп, 185 мамандық бойынша жаңартылған сертификаттау моделін енгізді.

Отырыс барысында орталық алты жылдан астам уақыт бойы әзірлеген маңызды бастама — Орталық Азия Хабының құрылатынын ресми түрде жариялады. Осы уақыт ішінде ҰТЕО тәуелсіз бағалаудың орнықты инфрақұрылымын қалыптастырып, NBME және NCSBN сияқты жетекші халықаралық ұйымдармен серіктестікті нығайтты. Бұл орталыққа Орталық Азия Хабын құру жөніндегі бастамамен шығуға мүмкіндік берді.

Орталық Азия Хабы өңір елдері үшін бірыңғай кәсіби алаңға айналады. Оның мақсаты — емтихан рәсімдерін стандарттау және біліктілікті бағалаудың ортақ тәсілдерін дамыту. Жоба аясында түлектер мен практик-мамандардың біліктілігін бағалауға арналған бірыңғай талаптар әзірленеді. Бұл бастама біліктіліктердің өзара салыстырмалылығын қамтамасыз етіп, медициналық кадрлардың мобильдігін арттыруға және Орталық Азия елдерінің денсаулық сақтау жүйелерінің интеграциясын күшейтуге ықпал етеді.

 

ҰТЕО

Қазақстан Республикасының кәсіби қоғамдастығы аккредиттеген және мойындаған жетекші, Денсаулық сақтау мамандары мен білім беру ұйымдары мен денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдар түлектерінің құзыреттерін бағалау орталығы.

©2026 Национальный центр независимой экзаменации